«Менің тілім - Дауға салса, алмастай қиған, Сезімге салса, қырандай қалқыған, Ойға салса, қорғасындай балқыған, Өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған әрі байырғы, әрі мәңгі жас отты да ойнақы тіл» деп Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың өзі ыстық ықыласпен сипаттаған ана тіліміз -рухани байлығымыз. Сол мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, қазақ халқының мәдени, әдеби және рухани қазыналарын кеңінен насихаттау, оқушылардың шығармашылық, ізденушілік қабілеттерін, мәдени дүниетанымын дамыту мақсатында 2015 жылдың 29-30 қаңтар күндері БҚО білім басқармасы мен «Дарын» қосымша білім орталығының қолдауымен Батыс Қазақстан облысының дарынды балаларға арналған қазақ-түрік мамандандырылған мектеп- лицей-интернаты базасында «Жарқын болашақ» ҮІІ республикалық «KATEV» қазақ тілі олимпиадасының облыстық кезеңі оздырылды. «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасы облысымызда жетінші рет өткізіліп, ана тіліміздің мерейін өсіріп, мәуелі бағын кеңейтетін талантты шәкірттерге жол ашуда. Дарынды шәкіртке қолдау көрсету жолындағы шара 5 бағыттан тұрды: «Тілші-әдебиетшілер», «Жазушылар», «Жас ғалымдар», «Әнші-бұлбұлдар» және «Сөз шеберлері» бағыты. Бағыттар бойынша әр ауданнан 1 қазақ және 1 өзге ұлт өкілдері қатысып, белгілі бағалау критерийлері бойынша жеке-жеке бағаланды.
Байқауға 11 аудан, 3 облыстық мектеп және қала мектебі бойынша қалалық кезеңнен өткен 1 команда, барлығы 108 оқушы қатысты. Соның ішінде лицейімізден қатысқан 9А сынып оқушысы Петри Адам «Сөз шеберлері» бағыты бойынша І орын иеленіп, республикалық кезеңге жолдама алса, «Әнші-бұлбұлдар» бағытынан 9В сынып оқушысы Джумагалиев Мустафа мен «Жазушылар» бағытынан Оздемир Осман, «Тілші-әдебиетшілер» бағытынан Ғазымжан Бектас ІІ орыннан көріне білді. Байқау жеңімпаздарын марапаттау кезеңі салтанатты түрде облыстық білім басқармасы мен қалалық білім басқармасынан және жоғарғы оқу орындарынан келген қонақтардың қатысуымен облыстық қазақ драма театрында өткізіліп, олимпиада жеңімпаздарына олбыстық білім басқармасының атынан дипломдар мен сыйлықтар табыс етілді, сонымен қатар оқушыларын олимпиадаға дайындаған жетекшілер мен пән мұғалімдеріне алғыс жарияланды.
Ана тілінің табиғатын танытқан байқауда қазақтың баласы бар, қазақтың санасы бар, салты бар, сезімі бар, сүйініші бар, сағынышы бар. Ол сонысымен қымбат, сонысымен қастерлі! Ендеше бұл байқау әлі де өзінің жалғасын тауып, өзінің дарынды да талантты шәкірттерін биік белестер мен шыңдардан көрсете бермек.



