• «Мен-қазақстандықпын» тақырыбында өткен шығармалар байқауы
          • «Мен-қазақстандықпын» тақырыбында өткен шығармалар байқауы

          • Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім, ақпараттық технологиялар департаментімен бекітілген «Болашағы біртұтас ел» жалпыұлттық ақпараттық науқанының іс-шаралар жоспарын орындау мақсатында «Мен-қазақстандықпын» атты  шығармалар байқауы өткізілген болатын.  Лицейішілік байқауға 8-11 сынып оқушылары қатысып, қазақ тілінде ең үздік 3 шығарма, орыс тілінде 2 шығарма облыстық ұйымдастыру комитетіне жіберілді. Облыстық байқауға қатысқан  5 оқушы да дипломдар мен грамоталармен марапатталды. Атап айтсақ, қазақ тілінен Байболат Азат  ІІ орын, орыс тілінен Гадельшиев Рустем Диплом ІІІ орын, Муханов Абулхаир ІІІ орын иеленсе, Махамбетов Қасым мен Орынбек Еркебұлан алғыс хатпен марапатталды.  Өз ойларын еркін жеткізе біліп, жақсы нәтиже көрсеткен оқушыларымызға алдағы уақытта да жетістіктер тілейміз. 

        • «Түлектерім, ұшып шыққан ұядан»
          • «Түлектерім, ұшып шыққан ұядан»

          • «Бүгін, мен, басты назарды жастарға аударғым келеді. Біздің жаңа саяси бағытымыз сендерге жаңа мүмкіндіктер, жақсы білім, лайықты еңбек пен ұлы болашақ сыйлау. Бүгінгі жастар жаңа бағыттың жылжушы күші болуға және жемісін көруге тиісті»,- деп Елбасымыз айтқандай, қаңтар айының 13-де мектеп бітірушілерді болашақ мамандық таңдауға бейімдеу, кәсіби бағыт – бағдар беру мақсатында дәстүрге айналған «Түлектерім, ұшып шыққан ұядан» атты студент-жастармен кездесу өткізілді. Кешті лицей директоры А.Д Муканов  құттықтау сөзімен ашып, ертеңгі күннің құрығын қолға ұстаған студенттерге өзінің  ақ тілегін білдірді. Кеш барысында түлектер 11-сынып оқушыларына университетке   түсу үшін қандай дайындық керек екені туралы, қандай құжаттар жинау керектігі жайлы, кездесетін қиындықтарды  айтып өтті. Ең бастысы ҰБТ-ға тыңғылықты, жүйелі дайындық, түлек тарапынан саналы түсінік қажет екенін ескертті. Оқушылар өздерін толғандырып жүрген сұрақтарына  нақты, қызықты, қанағаттанарлық жауаптар алды. Әрі қарай кеш оқушылардың аға студенттеріне арнаған өнерлерімен жалғасты. Кездесу өте тартымды да қызықты болды. Кеш соңында орындалған 4 курс студенттері Әбішов Серік пен Даниярдың «Рахмет,саған, Лицейім!» әнінен түлектердің  алтын ұя мектептеріне деген сағыныштарын сезіндік. 

        • Облыстық олимпиада жүлдегерлері
          • Облыстық олимпиада жүлдегерлері

          • 2016 жылдың 5-6 қаңтар күндері Батыс Қазақстан облысы бойынша облыстық білім басқармасы және «Дарын» қосымша білім беру орталығының ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында жалпы білім беретін пәндерден облыстық олимпиада өтті. Олимпиаданың бұл кезеңі осымен алтыншы жыл қатарынан Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінде өткізіліп келеді. Биылғы жылы облыстық кезеңге 13 пән бойынша аудандар мен қала мектептерінен 400-ден астам оқушы қатысуға мүмкіндік алған болатын. Солардың ішінде лицейімізден 47 оқушы қатысып, 37 оқушы жүлделі орындарды иеленді. Атап айтсақ  16 оқушы - І орын,10 оқушы- ІІ орын,11 оқушы- ІІІ орын алды.Жүзден жүйрік деп танылған білімді 24 оқушымыз  алдағы наурыз айында жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша Көкшетау қаласында, ал гуманитарлық пәндер бойынша Петропавл қаласында өтетін республикалық кезеңде бақтарын сынайтын болады.