2016 жылдың 17 сәуір күні Батыс Қазақстан облысының дарынды балаларға арналған қазақ - түрік мамандандырылған мектеп - лицей – интернатында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі салтанатты түрде аталып өтті. Кең ауқымда өткізілген шараның мақсаты ұлттық дәстүріміз бойынша өткізілетін Наурыз мейрамының ерекшелігін, табиғат пен адамның байланысын, салт-дәстүрін, өз ұлтына деген сүйіспеншілігін арттыру, елімізді мекендеген ұлттар татулығын дәріптеу болатын. Сыныптар ұлт өкілдеріне бөлініп, оларға сол ұлттың тарихын, салт- дәстүрі мен өнерін, ұлттық киімін, тағамын таныстыру тапсырылды. Лицей директоры А.Д.Муканов мерекелік жиынды құттықтау сөзімен бастап, мереке шаттыққа толы концерттік бағдарламамен жалғасты. Шара барысында сынып-сыныптан киіз үйлер тігіліп, дастархан жайылып, наурыз көже пісірілді. Алтыбақан құрылып, ұлттық ойындар ойнатылды.
Соңында әділқазылар алқасының шешімімен 10б сыныбы, яғни грузин ұлты бас жүлдеге ие болды. І орынды 8в сыныбы әзірбайжан ұлты, ІІ орынды 7в сыныбы украин, ІІІ орынды 8а сыныбы түрік ұлты жеңіп алды. Жеңген ұлттар дипломмен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Өзге қатысқан ұлттар да ескерусіз қалмады, қатысқаны үшін «Ең ұйымшыл», «Үздік қазақ үй», «Өнерлі ауыл» атты номинациялар берілді.
Көктемнің шуақты күндерімен қатар келетін Наурыз мейрамы баршамызға мол табыс пен несібе ала келсін, ұлттар арасындағы татулық сақталып, еліміздің тыныштығы мәңгілік болсын!!!




